Суббота, 14.11.2026, 07:04Приветствую Вас Гость | RSS
Мой сайт
Меню сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Фиқһ!!!


 Фиқһ ілімі деп Ислам заңгерлігіне қатысты ғылымға айтылады. Сондықтан, бұл ғылымға қатысты мәселелер - фиқһи мәселелер (фиқһ мәселелері) деп аталады.

 

  Енді Ислам заңгерлігі жайлы шамалы тоқталатын болсақ, Ислам діні негізінен адамзаттың бұл дүниесі мен ақіреті үшін қажет заңдар мен қағидалардың жиынтығынан тұрады. Бұл заңдар мен қағидалар өз ерекшеліктеріне байланысты негізгі үш топқа бөлінеді:

 

  1. Ақаид (Исламдық иғтиқад - сенімге) қатысты заңдар (шарттар мен қағидалар).

 

  2. Ғибадатқа (құлшылыққа) қатысты заңдар (шарттар мен қағидалар). Өз кезегінде ғибадатқа қатысты заңдар: сиыну амалдарына қатысты заңдар және мәмілеге (адамдардың өзара қарым-қатынастары, қылмыс пен жаза, экономика, сату-алу, яғни сауда жасау, жалға беру, несие беру мен несие алу, банк қатынастары сияқты мәселелерге) қатысты заңдар болып екіге бөлінеді.

 

  3. Ахлаққа (адамзаттың әдеп-құлқына, рухани тәрбиесіне, мәдениетіне) қатысты заңдар (шарттар мен қағидалар).  

 

  Түсініктеме: Осы айтып өтілгендерге байланысты пенденің Аллаға табынуы шариғат тұрғысынан үш түрге бөлінеді.

Бұларды шамалы таратып айтар болсақ, "Раддул мұхтар" кітабында Ибн Абиддин «Тағат», «Ғибадат» және «Құрбәт» амалдарының арасындағы парық туралы мынадай пікір білдірген:

 

1. «Тағат» орындау алдында ниет етуді талап етпейтін амал. Және мұнда орындалатын амалдың екжей-тегжейін білу де қажет емес. Мысалға: Аллаға иман келтіру, яғни, иман келтірерден алдын ниет ету де, Алланың барша сипаттарын түгел білу де талап етілмейді. Тек Оның барлығына, сондай-ақ, жекедаралығына иман келтіріледі. 

 

2. Ал «Ғибадат» амалы болса, оны орындар алдында саналы түрде ниет ету талап етіледі. Сонымен бірге оның екжей-тегжейін де білу қажет. Мысалға: бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау сияқты құлшылық амалдары ниет етуді де, орындайтын құлшылығына қатысты қағидаларды білуді де қажет етеді. «Ғибадат» амалдарын зерттейтін ілім – "Фуруғ" (құлшылық амалдарына қатысты тармақтар) деп аталады:

 

علم الفروع ورأسه العبادات وهو المراد بقوله: ( إِيَّاكَ نَعْبُدُ ) وهي بدنية ومالية وهما مفتقران إلى أمور المعاش من المعاملات والمناكحات ولا بد لها من الحكومات فتمهدت الفروع على الأصول. 

 

«Фуруғ» ілімінің негізі - ғибадат (құлшылық амалдары). Оның басында «Тек саған ғана құлшылық етеміз» деген қатаң ереже тұр. Бұл амалдар пенденің дене мүшелері (қимылдары) арқылы орындалатын және оның мал-дүниесін сарыптау арқылы атқарылатын міндеттерден тұрады. Мұндай амалдар екі түрге бөлінеді. 

 Біріншісі, күнделікті пенденің өзіне ғана қатысты құлшылық міндеттері. Екіншісі, діни мәселелер жөнінде мемлекет шығаратын заңдар мен жарлықтар. Бұлар жақсылыққа шақырушы және жамандықтан қайтарушы болып сегіз түрге бөлінеді. Яғни, жақсылыққа шақырушы амалдар: 1. Парыз, 2. Уәжіп, 3. Сүннет, 4. Мүстахаб, 5. Мүбах. Ал, жамандықтан қайтарушы амалдар: 1. Арам, 2. Мәкруһ, 3. Мүстәкраһ.

 

3. «Құрбәт» амалы болса, орындау алдында ниеттенуді қажет етпейді, бәлкім орындайтын амалының екжей-тегжейін білуді қажет етеді. Мысалға, үнемі зікір айтып жүру, ата-анаға құрмет көрсету, үлкендерге сәлем беру сияқты амалдар. 

 

  Түсінік: Демек амалдар негізінен үш түрге бөлінеді: 

1. "Тағат" (Мойындау, бойұсыну, ырқына көну, бағыну). 

2. "Ғибадат" (құлшылық жасау). 

3. "Құрбәт" (Аллаға жақындық табу). 

   

  Енді бұл атап өтілген заңдар (шарттар мен қағидалар) алынатын "мәнбәълар" (көздер) жайлы айтатын болсақ, олардың ең негізгісі төртеу:

1. Құран негізінде шығарылған заңдар.

2. Сүннә (Сүннет) негізінде шығарылған заңдар.

3. Ижмағ (сахабалардың және олардан кейінгі мүжтаһид ғұламалардың ортақ пікірге, шешімге келіп шығарған заңдары).

4. Қияс (салыстырмалы талдау әдісімен шығарылған заңдар).

Бұл төрт мәнбәъның заң алынатын нақтылы түбір екеніне "Ниса" сүресінің "Ей, иман келтіргендер (момындар), Аллаға итағат етіңдер (бойұсыныңдар)! Және Расулге бойұсыныңдар! Сондай-ақ, өз араларыңнан шыққан әмір иелеріне (бастықтарға) бойұсыныңдар"! "Егер бірер нәрседе келісе алмай қалсаңдар, Аллаға (Оның кітабына) және Пайғамбарға (оның сүннетіне) қайтарыңдар (қиястаңдар - салыстырып өкім шығарыңдар). Егер сендер Аллаға және ақырет күніне сенетін болсаңдар, бұл (осылай етулерің) қайырлы, әрі шешімі жақсырақ (іс болмақ)" деген 59 аяты дәлел. Аятта айтылғандай, "Аллаға итағат етуден" мұрат Құран өкімдеріне бойұсыну – соған негіздеп заң шығару. "Расулге итағат етуден" мұрат Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетін ұстану, соның негізінде заң шығару. "Әмір иелерінен" мұрат фәтуә шығару дәрежесіне жеткен діни ғұламалар мен өкім шығару құқығына ие басшыларға бойұсыну, яғни, олар шығарған заңдарға бойұсыну. "Егер бірер нәрседе (бір пікірге) келісе алмай қалсаңдар, Аллаға (Оның кітабына) және Пайғамбарға (оның сүннетіне) қайтарыңдар" дегеннен мұрат Құран мен сүннетке қиястау – соларға салыстырып өкім (заң) шығару.

  Бұл түбірлер жайлы келген хадистердің бірінде Муғаз бин Жәбәл былай деп риуаят еткен:

 

حَدَّثَنَا هَنَّادٌ حَدَّثَنَا وَكِيعٌ عَنْ شُعْبَةَ عَنْ أَبِي عَوْنٍ الثَّقَفِيِّ عَنِ الْحَارِثِ بْنِ عَمْرٍو عَنْ رِجَالٍ مِنْ أَصْحَابِ مُعَاذٍ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَعَثَ مُعَاذًا إِلَى الْيَمَنِ فَقَالَ كَيْفَ تَقْضِي فَقَالَ أَقْضِي بِمَا فِي كِتَابِ اللَّهِ قَالَ فَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِي كِتَابِ اللَّهِ قَالَ فَبِسُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ فَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِي سُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ أَجْتَهِدُ رَأْيِي قَالَ الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي وَفَّقَ رَسُولَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَدَّثَنَا مُحَمَّدُ بْنُ بَشَّارٍ حَدَّثَنَا مُحَمَّدُ بْنُ جَعْفَرٍ وَعَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ مَهْدِيٍّ قَالَا حَدَّثَنَا شُعْبَةُ عَنْ أَبِي عَوْنٍ عَنِ الْحَارِثِ بْنِ عَمْرٍو ابْنِ أَخٍ لِلْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ عَنْ أُنَاسٍ مِنْ أَهْلِ حِمْصٍ عَنْ مُعَاذٍ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ نَحْوَهُ قَالَ أَبمو عِيسَى هَذَا حَدِيثٌ لَا نَعْرِفُهُ إِلَّا مِنْ هَذَا الْوَجْهِ وَلَيْسَ إِسْنَادُهُ عِنْدِي بِمُتَّصِلٍ وَأَبُو عَوْنٍ الثَّقَفِيُّ اسْمُهُ مُحَمَّدُ بْنُ عُبَيْدِ اللَّهِ * الترمذي, ابو داود, احمد, الدارمي

 

Расулұлла (с.ғ.с.) Муғаз бин Жәбәлді (р.а.) Йеменге (әкім етіп) жібере тұрып: "Ей, Муғаз, (егер бір мәселе жайлы үкім шығаруың керек болса) қалай қазылық жасайсың (үкім шығарасың)?" - деді. Сонда ол (Муғаз бин Жәбәл): "Алланың кітабындағы нәрсемен қазылық жасаймын (үкім шығарамын)",- деді. (Сонда Расулұлла с.ғ.с.): "Ал егер Алланың кітабында болмаса ше?"- деді. Ол (Муғаз): "Онда Расулұлланың (с.ғ.с.) сүннетімен (үкім шығарамын)",- деді. "Ал егер Расулұлланың (с.ғ.с.) сүннетінде де болмаса ше?"- деді. Ол: "(Ондайда) өз райыммен (бар білімімді іске салып) ижтиһад жасаймын (барынша ізденемін)- деді. (Сонда Муғаздың сөзіне риза болған Пайғамбарымыз с.ғ.с.): " Алла елшісінің елшісін туралыққа сай қылған Аллаға мақтаулар болғай!"- деді". 

  Түсінік: Міне, хадисте келген тәртіп те Құранда келген тәртіпке сай. Сөйтіп, бұл төрт мәнбәъ туралы Құран мен сүннетте нақты дәлелдер келгендіктен, олар нық өкім (заң) шығарушы құжаттар саналады. Сондықтан, олар "усулул ахкам", яғни, өкімдердің (заңдардың) негізі делінеді. Сонымен бірге, олардың сенімділік дәрежелері аятта көрсетілген тәртіп бойынша болады. Яғни, мұжтаһид ғұлама бір мәселе жайлы шарғи үкім шығаруы керек болса, оның шешімін алдымен Құраннан іздейді. Егер Құраннан оның шешімі табылса, соған сай үкім шығарады. Егер табылмаса Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне жүгінеді. Егер жауабы сүннеттен табылса, соған сай үкім шығарады. Егер табылмаса Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейінгі кездегі мұжтаһид ғұламалар сол мәселе жайлы ижмағ жасаған (ортақ шешімге келген) болса, соған сай үкім шығарады. Егер ижмағтан да табылмаса, Құран мен сүннетте келген дәлелдерге салыстырып шешімін табады. Міне, осы Құран мен сүннетке салыстырып заң шығару тәсілі "қияс" делінеді. Бұған барша мәзһаб ғұламалары бір дауыстан иттифақ жасаған (ортақ пікір білдірген). Сондықтан, осы төрт мәнбәъдан алынған өкімдердің (шығарылған заңдардың) нақты құжат екеніне бір де бір ғұлама күмән келтірмеген. 

  Осы аталған төрт "усулул ахкамнан" бөлек бірнеше түрлі мухталаф (яғни, кейбір ғалымдар шарғи мәнбәъ болади десе, кейбіреулері шарғи мәнбәъ бола алмайды деп пікір білдірген) мәнбәълар да бар. Бұлардың ең әйгілілері

  Бірінші: "Әл-истихсан". Мұның тілдік мағынасы - бір нәрсені немесе бір шешімді жақсы деп табу, есептеу, мақұлдау). Ал, шарғи мағынасы - фиқһқа қатысты мәселелерді қияси (қисқа сай) жолмен шешуде мұсылмандар жамағаты үшін пайдалырақ, ұтымдырақ болса, сол шешімді қолдау тәсілі. Яғни, егер қияс бойынша шығарылған шешім өмір талаптарына сай болмаса, яки зиян келтіретін болса "Әл-истихсан" тәсілі қолданылады. Маселен, шариғат өкімі бойынша адам өзінде жоқ нәрсені сатуы мүмкін емес. Міне, осы өкімге қияс етілгенде өнеркәсіппен айналысатын адамдар да әлі дайын болмаған заты туралы саудаласуы дұрыс емес. Бірақ бұл қияс шешімі кәсіпкерге де, алушыға да қолайсыз. Мұнда кәсіпкер тапсырыс алу, ал тапсырыс беруші тапсырыс беру мүмкіндігінен шектеліп қалады. Сондықтан, "Әл-истихсан" тәсілі кәсіпкерлерге тапсырыс алуға, сондай-ақ, сол тапсырысқа қатысты саудаласуға рұқсат береді. Сол себепті "Әл-истихсан" тәсілі халықтардың өмір тәрізіне, шариғатқа қайшы келмейтін ғұрып-әдет, салт-дәстүрлеріне оңай икемделеді. Бұл тәсілді шариғатқа Әбу Ханифа (ра) кіргізген. Сондықтан, оның мәзһабы дүние бойлап кең тараған. 

  Екінші: "Әл-маслахатул мурсала". Мұның тілдік мағынасы – алдын қаралмаған және ешбір нәрсеге байланбаған мәселе жайлы мәслихат жасау. Усулул-фиқһ ғұламаларының шарғи көзқарасы тұрғысынан алғанда – шариғат ол жайлы ешқандай өкім бермеген мәселе, яғни, шариғат ол жайлы дұрыс деп те, бұрыс деп те үкім шығармаған, сондай-ақ, ол туралы ешқандай шарғи құжат та келмеген мәселе жайлы мәслихат жасап шешімін табу. Сондықтан, ол «Маслахатул-мұтлақ», яғни, ұстану жайлы да, ұстанбау жайлы да дәлел келмеген мәселе туралы мәслихат деп те аталады. Бұған ақша шығару, абақтылар соғу сияқты мәселелерді мысал келтіруге болады. Негізінде бұл мәселелер туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқандай нұсқау берген де, тыйым салған да емес. Бұлар өмір талабына сай кейіншелік сахабалар тарапынан мәслихаттасып шешілген. 

 

  Үшінші: "Әл-ұрф" (әдет-ғұрып)

  Төртінші: "Әл-истисхаб"

  Бесінші "Сахабаның жолы"

  Алтыншы: "Бізден ілгерігі үмбеттер шариғаты"

  Жетінші: "Бәлуә әл-аум"

Бұл шарғи өкімдер алынатын жеті тәсілдің әрқайсысы өзалдына бір үлкен тақырып. 

 

  Енді осындай мәселелерді зерттейтін діни ғалымдар туралы айтатын болсақ, («Әлі Имран сүресінің 7- аятында: (Ей, Мұхаммед) Ол саған Кітапты (Құранды) назыл еткен (түсірген, аса білімді) зат. Онда (Құранда) осы Кітаптың «анасы» саналатын (мағынасы) анық өкім шығарушы аяттар мен басқа да мүташабиһ (мағынасын Алладан басқа ешкім білмейтін) аяттар да бар. (Міне, осы аятта баяндалғандай, Құран аяттарының арасында мағынасын анық-айдын түсінуге болатын аяттар мен бір қатарда кейбір "мүташабиһ" яғни лұғауи - тілдік мағынасы мәлім болғанмен шарғи мағынасы құпиялы аяттар да бар. Мысалы, «Таха» сүресінің 5- аятында «Ол – Рахман Ғарыш үстіне мүстәуи болды» делген. Бұл аяттағы «Ғарыш үстіне мүстауи болды» деген сөйлемді «Ғарыш үстіне тік болды», «Ғарыш үстіне тең болды, «Ғарыш үстіне орналасты», «Ғарышты иеленді», «Ғарышты меңгерді» деген мазмұнда аудару мүмкін болғанмен, бұлардың қайбірі аяттың шарғи мағынасына сай келетінін Алладан өзге ешкім білмейді. Сондықтан, олардың түп мағынасын ашуға әрекет етілмейді. Сонда да, бұндай аяттар шынайы Алладан келген Құран сөзі деп иман келтіреміз. Бірақ олардың өкімдерін өмірде діни нұсқаулар ретінде қолданбаймыз) Бірақ, жүректерінде ауытқу бар біреулер адамдарды фитнаға салу және өз жорамалына сай мағыналар беру үшін оның (Құранның) мүташабиһ аяттарына сүйенеді (өздерінше жорамалдап өкімдер шығарады). Ал негізінде, ондай аяттардың тәуилін (асыл мағынасын) тек Алланың өзі ғана біледі. Ал «расихундар» (Ислам дінінің ақидасы мен шариғатына қатысты ілімдерді нық білетін ақиқатшыл ғалымдар): «Оған иман келтірдік. (Ол мүташабиһ аяттар) баршасы Раббымыздан келген (түсірілген)»- дейді. Сондай-ақ, (бұл өкімнен) тек ақыл иелері ғана өздеріне басшылық ететін нұсқаулар (үгіт-насихаттар) алады.

  Түсінік: Осы аяттың өкіміне, байланысты тек «расихундарға» ғана Құран аяттарының мағыналарын тәпсірлеп, олардың негізінде шарғи өкімдер алуға рұқсат етілген. Мұндай ғалымдар өздерінің білім дәрежелеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Біздің мәзһабымыз ғалымдары оларды 6 топқа бөлген.

  Бірінші топ: Имам Ағзам - Әбу Ханифа және оның шәкірттері имам Әбу Юсуф пен имам Мухаммад сияқты мүжтаһид ғұламалар тобы. Мұндай ғалымдар имам тақрир еткен бұйрықтар, нұсқаулар мен қағидалардан өкім алуға, яғни, сол қағидаларға негіздеп мәлім бір мәселе жайлы тиесілі үкім шығаруға қадыр.

  Екінші топ: Мәзһаб сахыбынан, яғни, мәзһабқа негіз салған ғалымнан риуаят етілмеген мәселелерді шешуде ижтиһад жасаған ғалымдар. Мұндай мүжтәһидтер қатарына Хассаф, Тахауи, Кархи, Сарахси, Халуани сияқты фақиһтер кіреді. Олар фуруғ және усул мәселелерінде өз имамдарына қайшылық жасамайды. Бәлкім, олардың тәсіліне сай ижтиһад жасайды.

  Үшінші топ: "Әсхабут-тахриж", яғни, өздері мүжтаһид болмағанымен, өз мәзһабының мүжтаһидтері шығарған өкімдердің негізінде мәселелер шығаруға және қысқа айтылған мәселелерді кеңейтіп, толықтырып беру дәрежесіне жеткен ғалымдар. 

  Төртінші топ: Түсініктеме жасаушылар: Қудури, Марғинани сияқты ғұламалар осы топқа жатады. Олар "Әсхабут-тахриж" дәрежесіне жетпеген, бірақ кейбір риуаяттардың кейбірінен абзалдығын көркем түрде баяндап, түсіндіріп беру дәрежесіне жеткен ғалымдар. 

  Бесінші топ: Тақлидшілер тобы. Олар күшті дәлел мен әлсіз дәлелдің арасындағы парықты айыра алатын ғалымдар.

  Алтыншы топ: Бұл топқа жоғарыда айтылған топтардың дәрежесіне жетпеген ғұламалар кіреді. Бұлар алдыңғы бес топтағы ғұламалар нұсқап берген қағидаларды екжей-тегжейлі түсіну және өзгелерге де түсіндіріп беру дәрежесіне жеткен ғалымдар.

  Осы айтып өтілген ғалымдар екшеп шығарған өкімдер мен қағидалардың жиынтығынан тұратын шариғат ілімі фиқһ ілімі немесе Ислам заңгерлігі, оларға қатысты мәселелер фиқһи мәселелер деп аталады. Ал, мұндай шарғи өкімдердің алу жолдарын үйрететін ғылым «Усулул-фиқһ», яғни, фиқһтың негізі деп аталады.

Форма входа
Поиск
Друзья сайта
.